Қостанайда жасөспірім қыздар мен ұлдар арасында ауыр атлетикадан ҚР чемпионаты өтті

Қаңтар 28, 2019

2019 жылдың 21-28 қаңтарында Қостанай қаласында 17 жасқа дейінгі жасөспірім қыздар мен ұлдар арасында ауыр атлетикадан ҚР чемпионаты өтті.

Ұлдар арасында жалпыкомандалық есепте Қызылорда облысы топ жарса, күміс жүлдені Алматы облысының атлеттері ұтып алды, қоланы Алматы қаласының спортшылары иеленді. Қыздар арасында Алматы облысы бірінші орынға қол жеткізсе, екінші мен үшінші орынды Алматы қаласы мен Қызылорда облысының спортшылары өзара бөлісті.

Чемпионатқа қатысушылар арасында Алматы облысының жас спортшысы Руфина Чалкарова жалпы есепте 182 кг көтеріп, ерекше көзге түсті.

73 кг салмақ дәрежесіндегі Қызылорда облысының өкілі Бексұлтан Айтбай бірінші орын алып, серіппе көтеруден 161 кг еңсерген ол Қазақстан бойынша рекорд орнатты.

Александр Переходцев, жарыстың бас төрешісі, ауыр атлетикадан Қостанай облысының бас бапкері, халықаралық санаттағы спорт шебері, халықаралық деңгейдегі төреші:

– Бұл сынды жарысты өткізу біз үшін үлкен жауапкершілік. Барлық командалар мен бапкерлер чемпионатты ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалағанына қуаныштымыз. Атлеттерге ыңғайлы болсын деп, тамақтанатын, тұратын жерлері, жаттығу залдарын жақын орналастырдық. Қостанайлық қыздардың арасында бірінші орын алған Екатерина Алякинаны (45 кг дейін) және Мария Иваньконы (59 кг дейін) ерекше атап өткім келеді. Біз оларға үлкен сенім артамыз, қыздардың халықаралық дәрежедегі спорт шебері атануға мүмкіндіктері мол. Ерлер арасында жақсы нәтиже көрсетіп жүрген Алексей Чуркинді де (55 кг дейін) атауға болады.

Өз кезегінде ауыр атлетикадан мемлекеттік жаттықтырушы Меңдіхан Тәпсір жарыс еліміздің түкпір-түкпірінен 250-ден аса спортшыны бір алаңда тоғыстырғанын алға тартты.

«Аталмыш чемпионат жылдан жылға зілтемір көтерем деушілердің көбейіп бара жатқанын көрсетті. Бұған дейін ауыр атлеттер саны әлдеқайда аз еді, әсіресе қыздардың саны ұлғайды. 2018 жылы 66 қыз қатысса, биыл олардың саны 84-ке жетті», – деді ауыр атлетикадан мемлекеттік жаттықтырушы Мендіхан Тәпсір.

Басқа фотосуреттерді сілтеме арқылы қарай аласыз: ҚОСТАНАЙДА ЖАСӨСПІРІМ ҚЫЗДАР МЕН ҰЛДАР АРАСЫНДА АУЫР АТЛЕТИКАДАН ҚР ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ