Жарыс жалғасып жатыр

Қараша 4, 2018

Зүлфия Чиншанло Ашхабадта өтіп жатқан әлем чемпионатында бесінші орынды місе тұтты.

55 келі жаңа салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атану үшін 10 атлет қыз, оның ішінде 2016 жылғы Олимпиада чемпионы тайландтық Суканья Срисурат, әлем чемпионы қытайлық Яцзюнь Ли және басқалар бақ сынасты.

Жұлқи көтеруде Зүлфия екі мүмкіндіктен кейін 93 келіні бағындырып, 8-орынға тұрақтады. Серпи көтеруде екінші мүмкіндіктен 120 келіні бағындырды, ал үшінші кезегінде 125 келі алынбас қамал күйінде қалды.
Таиланд қызы Срисурат 232 (105 + 127) келі нәтижесімен әлем чемпионы атанса, екінші және үшінші орындарға қытайлық спортшылар Ли (102+123) мен Чжан (101+124) жайғасты.

Мұның алдында 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ерлер арасындағы В тобында Фархад Харки екінші орын алған болатын. Жұлқи көтеруде спортшы 133 келі көтеріп, 7-орында тұрған. Ал серпи көтеруде оған тең келер ешкім болмады. 175 келіні оңай-ақ жұлып алды. Алайда бірінші орын алу үшін ол аз еді. 3 келі артық көтерген Грузия жігіті Гога Чхеидзе дес бермеді..

Фархад Харки:

«Өзімді жақсы сезіндім. Серпи көтеруіме өзім разымын, ал «жұлқуда» аздаған әлсіздік бар. Жаңа салмақ дәрежесі, оның үстіне техникамыз да өзгерді, соңғы жарты жылда сонымен дайындалып жүрміз. Күнделікті бізді баптап жүрген жаттықтырушым Виктор Ниге алғыс білдіргім келеді.

Виктор Ни, ҚР ҰҚК жаттықтырушысы:

«Фархад бұрын 62 келіде өнер көрсететін, 67 келі ол үшін жаңа салмақ екенін білесіздер. Әлі шыңдала қойған жоқ. Сенімділік үшін бәрін жақсы бастау керек, барлық алты мүмкіндікті пайдалану керек. Жұлқи көтеруде әлі де жақсарту қажет. Алдағы уақытта барлық қателіктерді түзейміз.