Бақыт Ахметов: «Кімнің психологиясы мықты, сол жеңді»

Шілде 26, 2021

25 шілдеде Токиода өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржыны тағы бір қола медальмен толықты. Кезекті қоланы Қазақстан құрамасына ауыр атлет Игорь Сон әкелді. Осыған орай құраманың бас бапкері Бақыт Ахметов Olympic.kz сайтына Олимпиада ойындарының жеңіс тұғырына дейінгі жолда кездескен қиындықтар туралы айтып берді.

«Әрине, бүгінгі нәтижеге көңілім толады. Жүлде үшін сынға түстік. Бірінші орынға қытайлық спортшы, екінші орынға индонезиялық спортшы ие болды. Ал үшінші орын үшін алты бірдей атлет бақ сынады. Нәтижесінде тактикалық және психологиялық тұрғыдан кім мықты болды, сол жеңіске жетті.

Олимпиада ойындарына дайындық қаңтар айында «Ақбұлақ» Олимпиадалық орталығында басталды. Олимпиадаға қатысуға құрамадан қос спортшы, атап айтқанда, Игорь Сон мен Ибрагим Берсанов үміткер болды. Сәуір айында спортшылар Азия чемпионатына қатысып, ұпай көп еншілеген спортшы Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алды. Тиісінше, Игорь Сонның көрсеткіші жоғары болды.

Дайындық барысында кездескен ең үлкен кедергі ол – Игорьдың тізесіндегі жарақаты болды. Емделіп, дәрігерлеріміздің арқасында маңызды жарысқа дейін қалпына келді. Осы орайда дәрігерлерімізге айтар алғысымыз шексіз», – дейді бас бапкер Бақыт Ахметов.

Фото: Тұрар Қазанғапов, ҰОК Баспасөз қызметі