Құрама қоржынында кіші қола жүлде

Қараша 5, 2018

Ашхабадтағы әлем чемпионатында Нижат Рахимов сегізінші орында қалып қойды

73 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жұлқи көтеруде спортшы тек бір ғана мүмкіндігін пайдалана алды – 147 келі. Серпе көтеруде 190 келімен тоқтауға мәжбүр болған Рахимовтың жалпы бағындырған салмағы 337 келі болды. Олимпиада чемпионы серпе көтеруде кіші «қолаға» да жете алмады.

2018 жылғы әлем чемпионы болып Римо Олимпиадасының жеңімпазы қытайлық Чжиен Ши (164+196) танылды, күміс жүлдені кәріс Джон Сик Вон (153+195) еншілесе, Беларусь мемлекетінің атлеті Вадзим Лихарад (156+187) қолаға қуанды.

Мұның алдында, қыздар арасында Сәуле Садуақасова 59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 11-орыннан әрі аса алмады. 25 жасар спортшы 205 (90+115) келі нәтиже көрсетті.

Қытайлық Тайбэй зілтеміршісі Син-Чжунь Куо (105+132) алтынмен апталды. Қытайлық Гуй Мин Чен (98+133) екінші орын алды, ал латвиялық Ребека Коха 227 (103+124) келіні бағындырып, қоржынына қола салды.