Қостанайдағы Күш қолданылатын спорт түрлері академиясында ауыр атлетикадан ҚР чемпионаты өтті

Қаңтар 22, 2019

Қостанай қаласының Күш қолданылатын спорт түрлері академиясында 2019 жылдың 22-28 қаңтарында 17 жасқа дейінгі жасөспірім қыздар мен ұлдар арасында ауыр атлетикадан ҚР чемпионаты өтті.

Жарысқа Қазақстанның 14 облысы және Алматы, Астана мен Шымкент қалаларынан 265 спортшы қатысты.

Алдияр Нұралинов, ҚР ауыр атлетика федерациясының атқарушы директоры:

– Осындай жарыстарға ұлдар мен қыздардың арасында қатысам деушілердің көбейіп бара жатқанына қуаныштымыз. Федерация ауыр атлетиканың қалың жұртшылық арасында кең таралуы мен жас спортшылардың дамуына көп көңіл бөледі. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды. Осы орайда жастардың спортқа көптеп келуі – қуантарлық жайт. Былтыр чемпионатқа 217 спортшы қатысса, биыл 265 атлетші келіп отыр. Бұл жастардың зілтемір көтеруге қызығып, аталмыш спорт түрінің Қазақстан аймақтарында дамып келе жатқанының белгісі деп ойлаймын.

Махмұт Тұрсынов, Қостанай облысының ауыр атлетика федерациясының президенті:

– Осындай жоғары деңгейдегі жарыс ұйымдастыру – біз үшін үлкен мәртебе. Қостанай қаласында ауыр атлетиканы дамыту үшін барлық жағдай жасалған: жаттығу залдары жабдықталған, еңбек сіңірген бапкерлер мен сенім артуға болатын спортшылар жетерлік. Осындай чемпионаттарды өткізу дәстүрге айналып, бұл өз кезегінде облысымыздың атын шығаратын атлеттер дайындауға септігі тиетініне сенімдіміз.