«Қола үшін» автомобиль

Шілде 30, 2021

Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы Токио Олимпиадасының қола жүлдегерлері Игорь Сон мен Зульфия Чиншанлоны жаңа Toyota Camry автомобильдерімен, спортшылардың жеке жаттықтырушылары мен құраманың бас бапкерін ақшалай сыйақымен марапаттайды. Спортшыларға автокөлік кілтін ҚР ААФ президенті Жанат Түсіпбеков жақын арада Нұр-сұлтан қаласында табыстайды.

Естеріңізге сала кетейік, Токиода өткен Олимпиада ойындарында Игорь Сон 61 келіге дейінгі санатта қола жүлдені иеленсе, Зульфия Чиншанло 55 келіге дейінгі санатта үшінші орынды иеленді.

Сәрсенбі күні кешке спортшылар Қазақстанға оралып, оларды Алматы қаласының әуежайында салтанатты қарсы алды. Салтанатты шараға ауыр атлетика федерациясы мен Алматы облысы әкімдігінің өкілдері, жанкүйерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.