Тарих

Қазақстанда ауыр атлетиканың дамуы 1935 жылдан басталады. Бұдан екі жыл өткен соң, алғашқы республикалық чемпионат өтті. Ал 1954 жыл қазақстандық зілтеміршілердің әлемдік және бүкілодақтық рекордтар орнату бағытындағы санақтың бастауына айналды. Мәселен, С Ульянов 1958 және 1960 жылы әлем рекордтарын орнатып, КСРО чемпионы атанды. Одан А. Колодков, П. Ким, В. Дрекслер, А. Храпатый және С. Филимонов сынды бүкілодақтық және әлемдік рекордшылар да қалыспайды.

Дегенмен, тұңғыш әлем чемпионы мен Олимпиада жүлдегері болған қазақстандық Юрий Зайцев екенін айта кеткен жөн. Ол 1974 жылы өз мәнсабындағы алғаш рет қатысқан Манилада өткен әлем чемпионатында жартылай ауыр 110 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлде жеңіп алған.

Зайцевтің жеңісінен кейін, бұл салмақты дәстүрлі «қазақстандық» деп атауға әбден болады. Екі жылдан соң, Монреальда өткен олимпиада ойындарында Зайцев бұрынғы жетістігінен де асып түсіп, алтын медаль еншіледі. Ал 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасында атақты жерлесінің ізімен жүрген 26 жасар Виктор Мазин олимпиада және әлем чемпионы атанды.

Тағы да төрт жыл өткенде Еуропа чемпионатында қазақстандық Анатолий Храпатый қоланы қанжығалады. Осы жеңістен кейін күллі әлемде 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1980 жылдардың соңына дейін Анатолиге тең келер ешкім болмады. Ол 1985 жылы Седертельеде (Швеция), 1986 жылы Софияда, 1987 жылы Остравада (Чехия), 1989 жылы Афинада және 1990 жылы Будапеште өткен әлем чемпионаттарында жеңімпаз болды.

1988 жылы ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өткен жоқ, алайда Храпатый Оңтүстік Корея астанасы Сеулде керемет нәтиже көрсетіп, олимпиада чемпионы болды. КСРО тараған тұста спортшы әлем чемпионатында тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш алтын медалді жеңіп алды.

Қазақстандық тағы бір спортшы С. Филимонов Афина олимпиадасында екінші орынға қол жеткізді. Төрт жыл өткенде 17 жасар қызылордалық Илья Ильин Дохадағы (Катар) әлем чемпионатында 85 келі салмақта айды аспанға шығарып, чемпион атанды. Араға тағы бір жыл салып 94 келіге дейінгі салмақта Илья екі дүркін әлем чемпионы атанды. Одан кейін төр дүркін әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

2009 жылы ауыр атлетикадан Гойанг-Ситиде (Оңтүстік Корея) өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы төрт алтын жүлдені қанжығалап, жалпыкомандалық екінші орынды иеленді. Олардың арасында алтынға ие болған екі қыз бар. Олар 16 жасар Зүлфия Чиншанло мен Светлана Подобедова болатын. Зүлфия ең жас әлем чемпионы ретінде Гиннестің рекордтар кітабын енді.

Ауыр атлетикада осындай жетістіктерге ары қарай да жете беру үшін болашақ чемпиондарды дайындайтын база керек. Қазіргі кезде спорттың осы түрі Қазақстан Республикасының 14 облысында дамытылып жатыр. Елде біздің республика бойынша 53 бөлімшеде ауыр атлетикамен айналысатын 5000-нан астам зілтемірші бар