Аттестация 2021
Қараша 11, 2021Талдықорған қаласында 6-11 қараша аралығында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты аясында жаттықтырушылар мен спорт төрешілерін аттестациялау процесі басталды. Талдықорғанға республиканың түкпір-түкпірінен 150-ден астам ауыр атлетика мамандары біліктіліктері мен білімдерін растауға жиналды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ережелеріне сәйкес әр төрт жыл сайын барлық деңгейдегі судьялар мен жаттықтырушылар, оның ішінде облыстардың, аудандардың, балалар-жасөспірімдер мектептерінің және спорт үйірмелерінің жаттықтырушылары аттестаттаудан өтуі тиіс. Егер нәтиже қанағаттандырарлықсыз болса, тағы да бір рет тапсыруға мүмкіндік беріледі.
Ауыр атлетикадан мемлекеттік жаттықтырушы – аттестаттау комиссиясының төрағасы Меңдіхан Тәпсір:
– Төрешілер мен жаттықтырушылар дайындығының деңгейін қанағаттанарлық деп бағалаймын. Бұл жолы ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты аясында аттестаттау рәсіміне 150-ден астам адам қатысты. Олардың ішінде үміткерлердің барлығы дерлік жаттықтырушы немесе төреші мәртебесін растаса, тек санаулы маман екінші мүмкіндікті пайдаланып, емтиханды сәтті тапсырды.
Комиссия құрамына төрешілер мен жаттықтырушылар және ҚР ААФ қызметкерлерімен қатар тәуелсіз сарапшы – педагогика ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық» кафедрасының меңгерушісі м.а. профессоры Б.Х.Тютебаев болғанЫН айта кеткен жөн.
Аттестаттаудың екінші кезеңі қараша айының соңында Өскеменде ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты аясында өтеді.