«ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ АЗАЙҒАН ЖОҚ»: РАУШАН МЕШІТХАНОВА ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Наурыз 18, 2021Ауыр атлетикадан 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанған Раушан Мешітханова Olympic.kz сайтына сұхбат берді.
«Мен үшін ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты жақсы деңгейде өтті. Ел біріншілігінде көрсеткен нәтижеге көңілім толады. Осы сында ең бастысы шеберлігімді шыңдадым. Қазіргі дайындығым да жаман емес. Мен үшін турнир жеңіл немесе ауыр болды деп айта алмаймын.
Өздеріңіз білетіндей, біраз уақыт жарыссыз отырдық. Соған қарамастан жаттығуымды тоқтатпай, тұрақты түрде оқу-жаттығу жиынына қатысамын. Осы уақытқа дейін маңызды додаларға қалай дайындалсам, қазір де жауапкершілік жүгі дәл сондай.
Бүгінгі таңда өзімнің қалпыма қайта келдім. Бірақ әлемдік аренада ұйымдастырылатын турнирлерде нәтиже көрсету үшін маған бар күш-жігерімді салып, жаттығу қажет. Одан кейінгі мақсатым -сәуір айында Ташкент қаласында өтетін Азия чемпионатына дайындалу», – дейді Раушан.