Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясына жаңа бас директор тағайындалды

12:32 | 08 маусым 2018

Елдос Рамазанов Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының бас директоры болып тағайындалды. Ол мамыр айында Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің бас директоры болып тағайындалған Нұрлан Нөгербектің орнына келді.

Осы жылдың басынан бері Е. Рамазанов Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы басшысының кеңесшісі қызметін атқарған болатын.

«Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы бірнеше жылдан бері еліміздегі спортты басқару моделі жасақталған ең үздік спорттық ұйым болып саналады. Бұл күндері Конфедерация құрамына жақында Олимпиада бағдарламасына қосылған каратэ спорты да енді. Елдос Рамазановтың спортты басқарудағы мол тәжірибесі ұйымның жұмысына жаңа леп беріп, спорт түрлерін дамыту одан әрі жалғасады деп сенемін», - деді Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының төрағасы Данияр Абулғазин.

Еске сала кетейік, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы Олимпиада бағдарламасына енетін бес спорт түрін дамытуға басымдық беру мақсатында 2012 жылы құрылды. Конфедерация құрамына бокс, грек-рим күресі, еркін күрес пен еркін стильдегі әйелдер күресі, таэквондо және ауыр атлетика енген. Ал 2015 жылдан бастап Конфедерация құрамына ұлттық спорт – қазақ күресі де енді. 2018 жылдың мамырынан бастап Қазақстан каратэ одағы Конфедерация мүшесі атанды.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар