Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Мохаммед Джалуд Әл-Шаммариді және Азия ауыр атлетика федерациясының президенті Мохамед Юсеф Әл-Мананы қабылдады.
Қаңтар 18, 2025
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Мохаммед Джалуд Әл-Шаммариді және Азия ауыр атлетика федерациясының президенті Мохамед Юсеф Әл-Мананы қабылдады.
Қонақтарды қарсы ала отырып, Президент оларға Қазақстанда ауыр атлетиканы дамыту мен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл спорт түрі еліміз үшін маңызды орын алады. Қазақстанда 20 мыңнан астам адам жүйелі түрде ауыр атлетикамен айналысады. Мемлекет басшысы бұл спортты Қазақстанда одан әрі дамыту үшін екі федерациямен тығыз және нәтижелі байланыстарды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Мохамед Юсеф Әл-Мана Президентке жылы қабылдағаны үшін алғыс айтып, қазақстандық ауыр атлетика мектебінің жоғары деңгейін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Астана мен Алматыда Орталық Азия елдеріне арналған аймақтық ауыр атлетика хабын құруға қажетті барлық жағдайлар бар.
Мохаммед Джалуд Әл-Шаммари Бахрейнде өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында қазақстандық спортшылардың табысты өнерін еске сала отырып, Қазақстанның 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына лицензиялық іріктеу турнирін өткізуге ең ықтимал кандидаттардың бірі ретінде қарастырылып отырғанын жеткізді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Мохаммед Джалуд Әл-Шаммари мен Мохамед Юсеф Әл-Мананы ауыр атлетиканы дамытуға қосқан үлестері үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

