Азия чемпионаты ауыр атлетикадан жасөспірімдер, юниорлар және қыздар арасында. Қазақстан, Астана 2025
Шілде 16, 2025
2025 жылдың 4 шілдесінде Астанада жасөспірімдер мен жастар арасындағы ауыр атлетикадан Азия чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Турнирге 25 азиялық елден, оның ішінде Қытай, Өзбекстан, Үндістан, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Таиланд, Кувейт және басқа мемлекеттерден 14 пен 20 жас аралығындағы 300-ден астам спортшы қатысуда.
Жас спортшылар ауыр атлетиканың классикалық түрлері – жұлқи және серпе көтеруден бақ сынасады. Жеңімпаздар жекелеген жаттығуларда да, қоссайыс нәтижесі бойынша да анықталады.
Ең көпқұрамды команда Қазақстанда: ел намысын өз алаңымызда 36 спортшы қорғайды. Жалпы, елімізде бұл спорт түрімен 29 мыңнан астам қазақстандық айналысады.
«Қазақстан — халықаралық жарыстарды өткізуде мол тәжірибесі бар ел, бұл чемпионат — соның айқын дәлелі, – деді ҚР Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов. – Азия — әлемдік спорт көшбасшыларының бірі. Соңғы жылдары Олимпиада чемпиондарының басым бөлігі осы құрлықтан шықты. Ауыр атлетикада Азия чемпионы атағы кейде әлем чемпионы атағымен бір дәрежеде. Яғни, осы деңгейдегі жеңіс — әлемді мойындатуға бағытталған қадам. Бүгін тұғырға шыққан әрбір спортшы — тек өз елінің емес, бүкіл Азияның үміті».

Бұл чемпионат 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатынан кейінгі ауыр атлетика бойынша Қазақстанда өтіп жатқан алғашқы ірі халықаралық турнир. Оның елге қайта оралуы – отандық спортта жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалардың айқын дәлелі. Астанадағы Азия чемпионаты – қазақстандық ауыр атлетиканың дамуына арналған жаңа тарау, ұлттық спорттың тұрақты дамуы мен әлемге ашықтығының символы.
