Федерация тарихы

Қазақстанда ауыр атлетиканың ресми дамуы 1935 жылдан бастау алады. Араға екі жыл салып республикада ауыр атлетика бойынша алғашқы біріншілік өткізілді. Ал 1954 жылы қазақстандық ауыр атлеттердің әлемдік және бүкілодақтық рекордтар орнатуға бағытталған жетістіктері тізбектелді.

Мысалы, 1958 және 1960 жылдары С.Ульянов әлемдік рекорд орнатып, ССРО чемпионы атағын жеңіп алды. Оның ізін әлемдік және бүкілодақтық рекордшылар А.Колодков, П. Ким, В. Дрекслер, А. Храпатый және С.Филимоновтар жалғастырды.

Алайда ауыр атлетикадан әлем чемпионаты мен Олимпиадалардың алғашқы жүлдегері болып Қазақстан тумасы Юрий Зайцев саналады. 1974 жылы өзінің мансабындағы алғашқы жеңісіне Маниладағы әлем чемпионатында қол жеткізді. 110 келіде өнер көрсеткен ауыр атлет қоладан алқа тағынды.

Зайцевтің жеңісінен кейін бұл салмақ дәрежесі дәстүрлі түрде «қазақстандық» деп саналды. Араға екі жыл салып Монреалдағы Олимпиадада ол өзінің жеңісін қайталап, «алтын» қанжығалады. Ал 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында атақты жерлесінің ізін 26 жасар Виктор Мазин қайталап, Олимпиада ойындары мен әлемнің чемпионы атанды.

Төрт жылдан кейін Еуропа чемпионатында қазақстандық ауыр атлет Анатолий Храпатый қола медальға қол жеткізді. Осы жеңісінен кейін 80-ші жылдардың соңына дейін 90 келі санатта әлем бойынша Анатолийге тең келер ешкім болмады. 1995 жылы ол Седертельеде (Швеция), 1986 жылы Софияда, 1987 жылы Остравада (Чехия), 1989 жылы Афинада, ал 1990 жылы Будапештте өткен чемпионаттарда әлем чемпионы атанды.

1988 жылы әлем чемпионаттарынан ауыр атлетика алынып тасталды. Ол кезде Храпатый Сеулдегі (Оңтүстік Корея) Олимпиададан қанжығасы майланып, үздік нәтижеге қол жеткізген болатын. ССРО ыдырағаннан кейін тәуелсіз Қазақстан үшін ауыр атлетикадан спортшы алғашқы алтынына қол жеткізді.

Қазақстандық басқа спортшы, С.Филимонов Афины Олимпиадасының «күмісін» олжалады. Ал араға бір жыл салып қызылордалық 17-жасар Илья Ильин Дохада (Катар) өткен әлем чемпионатында 85 келі салмақ дәрежесінде сенсациялық жеңіске жетті. Бір жылдан кейін 94 келі санатқа ауысып, Илья әлемнің екі дүркін чемпионы атанды, ал 2008 жылы Пекинде (Қытай) өткен Олимпиадасында жеңіске жетті.

Мұнымен қазақстандықтардың тосынсыйы бітпеді. 2009 жылы ауыр атлетикадан Гойанг-Ситидегі (Оңтүстік Корея) әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы осы спорт түрінен төрт алтын қанжығалап, жалпыкомандалық есепте екінші орынға жайғасты. Олардың арасында «алтын» алқаның иегерлері 16-жасар Зульфия Чиншанло мен Светлана Подобедова бар еді. Зульфия әлемнің ең жас чемпионы атанып, Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Ауыр атлетикадан осындай жетістіктерге жетуді жалғастыру үшін болашақ чемпиондарды даярлайтын орындар ауадай қажет. Бүгінгі таңда Қазақстанның 13 облысы мен Қазақстан Республикасының екі қаласында осы спорттың түрі дамып келеді. Республика бойынша 43 бөлімшеде жаттығатын 2200-ден астам атлеттер бар.

Ауыр атлетикамен түрлі халықаралық жарыстарға даярлайтын орталық ретінде Алматы облысын айтуға болады. Мұндағы 3 бөлімшеде 13 білікті маман 350-ден астам шәкірт тәрбиелеуде. 5 дайындық залы жұмыс істейді, екеуі Талдықорғанда, екеуі Үштөбеде және біреуі ұлттық құраманың негізгі орталығы саналатын Текеліде орналасқан.

Астанадан орын тепкен үш бөлімшеде үш жаттықтырушының жетекшілігімен 50 – ден астам спортшы жаттығады.

Ауыр атлетикадан қазақстандық құраманың жетістіктері мен жетекшілердің қажырлы еңбектерінің арқасында Қазақстанның түкпір түкпірінде аталмыш спорт түрі дамып келеді. Барлық аймақта жаттықтырушылар жеткілікті, әрі түрлі жарыстарға сапалы дайындалатындай жабдықтармен қамтылған.

Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі сапында еліміздің 9 облысының 45 атлеті бар. Ал жастар арасындағы ұлттық құрамасында 11 облыстың 38 атлеті тіркелген. Бозбалалар құрамасында 9 аймақтың 34 спортшысы бар.

Ауыр атлетика Қазақстандағы ең танымал спорт. Республикалардағы қажырлы еңбектердің арқасында жас спортшыларымыз Қазақстанның намысын әлі талай қорғайтын болады деген сенімдеміз.

Әлеуметтік желідегі парақшалар