Сәуле Садуақасова: «Қазақстан чемпионатында лайықты қарсылас табыла қоймас»

23 августа, 2018

Сәуле Садуақасова — ауыр атлетикадан Қазақстанның сан дүркін жеңімпазы, 2013 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2015 жылғы Гран-Придің қола жүлдегері. Қайсар қыздан 29 тамыз — 2 қыркүйек аралығында ауыр атлетикадан Талдықорған қаласында өтетін Қазақстан Республикасы жеке-командалық чемпионаты қарсаңында блиц-сұхбат алған болатынбыз.

— Сәуле, бір қарағанда нәзікжанды арусыз. Осындай ауыр спорт түріне қалай келдіңіз немесе сізді жетелеп әкелген біреу бар ма?

— Мен интернатта өстім. Ауыр атлетикаға 11 жасымда келіппін. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі менің аяғымның мықты, тұрысымның мығым екенін байқапты. Ал интернаттағы тәрбиелеушіміз «іздегенге сұраған» демекші, ауыр атлетика жаттықтырушысы болып шықты. Қыздарды сол кезде шақырып жүретін.

— Осылайша зілтемірге аңсарыңыз ауды ма?

— Иә. Содан бері осы спорт түрін серік етіп келемін.

— Кімді үлгі тұтасыз дәл осы ауыр атлетикада?

— Ешкімді. Маған бәрі бірдей сияқты.

— Сонда да, осы сияқты болсам ғой дейтін спортшы бар шығар?

— Шынымды айтсам, мен қазақ ұлтынан шыққан спортшыларды жаныма жақын тұтамын. Ауыр атлетикада Жазира Жаппарқұлды айтар едім. Қазақтардың зілтемір көтере алатынын дәлелдеген жалғыз қыз.

— Қазақстандағы ең мықты қарсыласыңыз кім?

— Елде маған лайықты қарсылас жоқ деп айта аламын.

— Әлемде ше?

— Өте көп. Әсіресе азиялықтар. Еуропа елдері атлеттері де қарқынды түрде күшейіп келеді. Бөле-жарып айтпай-ақ қояйын.

— Арманыңыз қандай?

— Олимпиада ойындарына қатысу!

— Өмірлік ұстанымыңыз?

— Жан-жүрегіммен қазақ ұлтына қызмет ету.

— Сәуле, қазақстандық ауыр атлетика шеберлерінің тыйым салынған заттармен байланысы болғанын білесіз. Қалай күресесіз?

— Осы уақытқа дейін ондай ештеңе болған жоқ. Өзіме сенімдімін.

— Қазақстан чемптонатына дайындық қалай жүріп жатыр?

— Аллаға шүкір, бәрі ойдағыдай. Ең бастысы жарақаттан сақтанып жүру керек. Жақсы нәтижеге үмітім бар.

— Ашхабадта өтетін әлем чемпионаты бар…

— Оған да психологиялық тұрғыдан дайынмын. Қатысып, осы уақытқа дейінгі нәтижелерімді одан сайын жақсартсам деймін. Өзіңді өзің қайрасаң ғана жетістікке жетесің. Түркіменстанда өтетін әлем чемпионаты да біз үшін бір белес, сол белестен қиналмай өтуге тырысып бағамыз.

— Сәуле, көп рахмет!